"Ол  – зинаны халалдандырып жүрген алаяқ". Имамның келіншектерді алдап жүргені рас па?

/image/2020/10/07/crop-4_13_248x440_120996220_191324969126756_3624538866317377373_n.jpg
"Ақтөбе облысында мешіттің 27 жастағы имамы Нұрлыбек Сабырғалиев өзіне чат ашып, бойдақ қыз-келіншектердің басын айналдырып, артынша талақ етіп кетуді әдетке айналдырды". Назар Хақназар есімді желі қолданушысы парақшасында осылай деп мәлімдеме жасап, Қазақстан билігінен араша сұрады.
 
Оның айтуынша, ҚМДБ Нұрлыбек Сабырғалиевты имамдықтан босатқан. Алайда ол діни басқармадан "өз еркімен жұмыстан кетті" деп қана аластатылған көрінеді.
 
Бұрынғы имамның діни басқармадан шығарылуы оған тоқтау болмаған секілді. Шағымданушының сөзінше, имам бір жерден екінші жерге барып, арам пиғылын іске асыруын жалғастырып жүр.
 
– Ол  – зинаны халалдандырып жүрген алаяқ. Зинақор имам кезекті сұлуын құшуды жоспарлап Құлсары қаласына да келіп жеткен. Бұл жолы сұр мергеннің жебесі Байгуршимов Рашит есімді азаматтың апасын көздеген екен. Екінші әйел қылып алатын болып қыздың әке-шешесінің рұқсатын алған. Мешіт ұстап отырған имамға кім күмән келтіреді? Р.Байгуршимов ағайын тумаларын жинап, мал сойып, қонағасын беріп, әлгі имам мен апасының некесін қидыртқан. Некесі қиылған имам сол күні Ақтөбеге кетіп қалып, ертесі күні некеленген жарына автоматты түрде талақ берген... артынша имам қулығын асыра алмайтынын сезіп Жылыойдан табанын жалтыратқан, – делінген жазбасында.
 
Кейіннен имам бұрынғы қайынағасы Р.Байгуршимовтен кешірім сұрап, айыпшапан ретінде 1 миллион теңге ақшаны  шотыңа лақтырып жіберемін деп Ақтөбеге кері қайтады. Сөйтіп, 2020 жылдың 3 қазанында қайта қоңырау шалып, ақша алып келіп тұрғанын жеткізеді. Ақшаны алмақ болғанда дайын тұрған оперативтік топ жазықсыз жанның қолына кісен салған көрінеді.
 
Жазба авторының айтуынша, құқық қорғау қызметкерлері имамның өтіріктеріне дәлелсіз сенгендіктен, қазір іс біржақты қаралып жатыр.
 
Осылайша, Назар Хақназар есімді желі қолданушысы көптеген сұрақтарын жаудыртып, Жылыой халқының жанайқайын жеткізіп отыр. 
 
 
Қамшы – еркін ақпарат алаңы. Сайтта жарияланған мақалалар басылымның көзқарасын білдірмеуі мүмкін. Дәл осы мәселе бойынша екінші тараптың айтары болса, Қамшы оны да жариялауға әзір.
 
Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар